Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Токио жазғы Олимпиадасы және Паралимпиадасы жолдамасының иегерлерімен кездесті
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Токио жазғы Олимпиадасы және Паралимпиадасы жолдамасының иегерлерімен кездесіп, оларға байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.
Төрткүл әлем көз тіккен Токио Олимпиадасына басталуына бір айдан астам ғана уақыт қалды.
Төртжылдықтың айтулы аламанына еліміз шын мықтыларын шыңдауда десек, олардың қатарында жамбылдық сегіз спортшы да бар.
– Әрбір спортшының арманы – Олимпиадаға бару. Соңғы отыз жылда Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көтерілмеген Олимпиада болған емес. Кезекті Олимпиада қарсаңында сіздермен арнайы бас қосып отырмыз. Бұл ретте Паралимпиада ойындарының да маңызы зор. Ел тарихында алғаш рет жүзуден Паралимпиада чемпионы атанған Зулфия Габидуллина біздің мақтанышымыз, – деген облыс әкімі спортшыларға жеңіс, сәттілік тіледі.
Ал кездесу соңында Бердібек Сапарбаев Олимпиада жеңімпаздары мен олардың бапкерлеріне мемлекеттен ғана емес, облыс тарапынан да арнайы сыйақы тағайындалатынын айтып, спортшыларды қанаттандыра түсті.